2016 жылғы 7 қыркүйек, Астана, Үкімет Үйі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды асыру қағидаларын бекіту туралы» 2002 жылғы 29 шілдедегі №843 «Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидасын бекіту туралы» 2010 жылғы
19 қарашадағы № 1222 қаулыларына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) «Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімі басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 шілдедегі №843 (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 25, 265-құжат) қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
2) «Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 қарашадағы №1222 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидасында:
5-тармақтың 2) тармақшасы алып тасталсын;
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 19-1-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәлікті беруден бас тартылады.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2016 жылғы 7 қыркүйектегі №523 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 жылғы 29 шілдедегі №843 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа
басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің жай-күйін дұрыс әрі уақтылы талдау мақсатында Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган – бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган);
2) шетелдік мерзімді баспа басылымы – Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде басылатын және тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар, кемінде үш айда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
3) таратушы – шетелдік мерзімді баспа басылымдарын меншік иесімен, шығарушысымен шарт бойынша немесе өзге де заңды негіздерде Қазақстан Республикасының аумағында таратуды жүзеге асыратын жеке немесе тұлға (филиал немесе өкілдік).
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының аумағы) таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алудың бірыңғай тізілімін жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді
баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртібі
5. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу үшін таратушы уәкілетті органға таратушының атауын, шетелдік мерзімді баспа басылымдарының атауларын, таратылу аумағын, оның таратылатын тілін, негізгі тақырыптық бағыттығын, мерзімділігін, таратылатын даналарының болжамды санын көрсете отырып өтініш береді.
6. Өтініш уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
7. Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың талаптарына сәйкес болған жағдайда уәкілетті орган есепке қою журналына есепке қою күнін, құжаттың нөмірін, таратушының атауын енгізу арқылы Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке қояды.
8. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша таратушыға Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын қою немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 19-1-бабының 2-тармағында көзделгендей бас тарту туралы құжат беріледі.
9. Құжатты жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда таратушыға еркін нысандағы жазбаша өтініші бойынша оң жақтағы жоғарғы бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар жаңа нөмір берілген құжаттың телнұсқасы беріледі. Өтініш уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады.